Павлодар облысы

Тереңкөл ауданының әкімдігі

Басты Жаңалықтар МӘСЕЛЕ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА
МӘСЕЛЕ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

IMG_6293

отчитывается (8)

 

Жыл басынан бері елімізде билік өкілдерінің халық алдында есеп беру кездесулері басталды. Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Е.Әйткеновтың Береговой, Бобровка және Октябрь ауылдық округ тұрғындары алдындағы есеп беру кездесулері өтті. Бұл кездесулерге аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихаттың хатшысы, депутаттар, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Береговой ауылдық округі аудандағы ірі шаруашылықтар шоғырланған ауыл. Өткен жылы біршама маңызды істер атқарылып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Ауылда ауыл шаруашылығымен айналысатын 2 ЖШС пен 52 шаруа қожалықтары бар. Шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға үзбей қатысып, мал басын және техникалар санын арттырып келеді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Әбішева» жеке кәсіпкерлігі дүкен және шағын наубайхана салуға 15 миллион теңгенің несиесін алған. Ауыл шаруалары аудан және облыс орталықтарында өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне қатысып, өз өнімдерін өткізіп отыр. 8 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз істерін ашып отыр. Жыл ішінде бір отбасы оңтүстік өңірден көшіп келген. 15 сәби дүниеге келген. Ауылдық округ аумағындағы 4 ауылда 1 орта, 2 негізгі мектеп жұмыс жасап тұр. Осы жылы ауылдардан балаларды тасымалдауға бюджет қаражатына автобус сатып алынады.
Ауылды абаттандыру мақсатында тазалық шараларына көп мән беріліп, көше шамдары энергия үнемдеуіш шамдарға ауыстырылып жатыр екен. Биылғы жылдан бастап барық ауылдық округтер төртінші деңгейлі бюджетке енгізілгені белгілі. Яғни, ендігі уақытта әр ауылдың өздерінің дербес бюджеттері болады. Қоғамдастық өкілдерімен ақылдаса отыра ауыл әкімдері біршама салықтық түсімдерден түскен қаражаттарды ауылды көркейтуге, тағы да басқа шараларға жұмсауға құқылы.
Береговой ауылына қарайтын Зеленая роща, Осьмерыжск, Луговое ауылдарына да жарық шамдары орнатылып, қоқыстар шығарылған. Өткен жылы 110 тонна қоқыс шығырылып, қоқыс полигоны тегістелген.
Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы су тазарту қондырғысы мен су желілері салынған. Қазіргі күні орталық су жүйесіне қосылу үрдісі жүргізілуде. Ауылдағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандар толық қосылған. Аудан әкімі алдағы сәуір айында барлық тұрғын үйлер қосылса, су беру толық қуатта жұмыс істейтіндігін жеткізді.
Сондай-ақ биылғы жылы Осьмерыжск ауылына су құбыры және су құбыры құрылымдарының желісіне жобалық сметалық құжаттар әзірленбек. Ал Зеленая роща ауылына ауыз су беретін кешенді блок-модуль сатып алып, орнату көзделуде. Ауыл орталығында оңтүстік өңірлерден көшіп келетін мұғалімдерге қос пәтерлі тұрғын үй салу да көзделуде.
Дәстүрлі есеп беру кездесуінде алдымен ауыл әкімі Р.Құланбаев, содан кейін аудан әкімі Е.Әйткенов халық алдында есеп беріп, өткен жылды қорытындылап, алдағы атқарылар істерді айтып берді. Сондай-ақ ауылдың учаскелік полиция инспекторы С.Оспанов та бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша 19 қылмыс тіркеліп, оның 18 і ашылған. 105 әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шаралар жүргізілген.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өздерін толғындырып жүрген сұрақтарын қойды. Ауыл тұрғыны Т.Павличенко пошта қызметіне көңілдері толмайтындығын жеткізді. Сондай-ақ Осьмерыжск ауылы тұрғыны С.Баильдинов қаңғыбас иттердің көбейіп кетуіне алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі кездесу барысында тиісті мекеме басшыларына мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Жаңабет. Бобровка ауылдық округінде өткен кездесуде халық ауылдық округ пен аудан бойынша атқарылған толымды істермен алда атқарылар жұмыстардың барысымен танысты.
Бобровка ауылдық округі тірек ауылдардың бірі. Бұнда да ауыл шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылықтар бар. Округ аумағында 2 ЖШС, 20 шаруа қожалықтары мен 7 жеке кәсіпкерлік бар. «Астық ПВ» серіктестігі ауылда өз мамандары үшін төрт тұрғын үй салса, алдағы уақытта оңтүстік өңірлерде көшіп келуші тұрғындар үшін үй салуға жер телімдерін алып, құрылыс салуды жоспарлауда. Осы аталмыш шаруашылық былтырғы жылы Чехия елінен 691 бас асыл тұқымды ірі қара малын әкеліп, заманауи тауарлы - сүт фермасын іске қосты. Онда ауыл адамдары еңбекке тартылып, өз нәпақаларын тауып жүр. Шаруалар 250 миллион теңгеге жуық қаражатқа ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған. Жыл сайын суландыру алқаптары көлемі артып келеді. Өткен жылы ауылға су құбыры және су құбыры құрылымдарының желісі тартылып, халыққа сапалы таза ауыз су ьеріле бастаған. Бүгінгі күнге дейін халықтың 76 % орталық су желісіне қосылған. Оңтүстік өңірлерден ауылға 2 отбасы, 12 адам қоныс аударған. Жаңабет және Жасқайрат ауылдарында мектеп жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Бобровка орта мектебінің жылу қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы жылы қаржы бөлінсе есік - терезелері ауыстырылып, мектеп алдына кеспе тастар төселу жоспарлануда.
Ауылдағы өтетін барлық қайырымдылық шаралары мен акциялар ауыл шаруашылық құрылымдарының көмегі арқасында жүзеге асуда. Тіпті ауыл ішін қардан тазалау жұмыстарына да солар қол ұштарын беріп, тұрғындардың алғысына бөленуде.
Былтырғы жылмен салыстырғанда ауылдық округ аумағында жасалған қылмыс саны кеміген. Учаскелік полиция инспекторы Е.Айтпаевтың айтуынша 8 қылмыс тіркеліп, ашылса, 57 әкімшілік хаттама толтырылған.
Есеп беру кездесуінің соңында Жасқайрат мектебінің тәрбиешісі, оңтүстік өңірден көшіп келіп, еңбек етіп жатқан Б.Томашева өзіне көрсетіліп отырған жақсылықтары үшін билік өкілдеріне алғысын жеткізді.
Октябрь. Ауылдық округ аумағында 857 адам тұрады. Округ аумағында Первомай ауылы бар. Бұл ауылда да ауыл шаруашылығымен айналысатын 3 ЖШС, 30 шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар бар. Ауылдық округтің әкімі болып таяуда тағайындалған Р.Айтмағамбетов қызмет атқарып жатыр. Шаруалар 400 миилон теңгеге жуық қаражатқа 13 бірлік ауыл шаруашылық техникаларын сатып алған. Жыл ішінде оңтүстік өңірінен алты адамнан тұратын 1 отбасы көшіп келіп, жұмысқа орналасқан. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2 адам бизнес жоспарларын қорғап, қайтарымсыз 200 АЕК грант алып, кәсіптерін жүргізіп отыр. Октябрь ауылындағы орта мектептің шатыры жаңартылған. Ауыл тұрғындарының бастамасымен ауылдағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған ескерткіш жаңартылып, жаңа кейіпке енген. Ауыл жастары спортқа құмар. Соның нақты бір дәлелі да өткен жылдың соңында Ресейде өткен әлем біріншілігінде армлифтингтен топ жарып, жеңімпаз атануы. Ауыл спортшылары да қатарынан бірнеше жыл армлестлингтен аудан чемпионы, волейбол жарыстарында да жүлделі орындар қатарынан көрінуде.
Ауылдың учаскелік полиция инспекторы О.Мансуровтың айтуынша ауылда 5 қылмыс тіркеліп, 59 әкімшілік хаттама толтырылған. Алдағы жылдармен салыстырғанда қылмыс саны азайып келеді.
Есеп беру соңында ауыл тұрғындары атынан сауық орталығының басшысы С.Қадырова музыкалық аппаратура мен ауыл жастарына спорттық құралдар алуға көмек сұрады.
Осы күні болған барлық есеп беру кездесулерінде аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берді.
Е.Қамзин