Павлодар облысы

Тереңкөл ауданының әкімдігі

Басты Жаңалықтар СТАДИОН ЖАҢАРТЫЛУДА
СТАДИОН ЖАҢАРТЫЛУДА

Елімізде жүзеге асып жатқан республикалық «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған. Тереңкөл ауданында аталмыш жоба шеңберінде түрлі маңызды шаруалар атқарылып жатыр. Осы жолы тағы бір әлеуметтік нысан - Тереңкөл ауылындағы кеңес үкіметі тұсында салынған жастар және жасөспірімдер спорт кешенінің стадионын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл спорттық стадион – осы ауылда өсіп келе жатқан мектеп жеткіншектері мен жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, ауыл тұрғындары үшін ең қажет ететін көпшілік орындардың бірі болып отыр. Мұнда аудандық, облыстық деңгейде түрлі спорттық шаралар өтіп тұрады. Аталмыш спорттық нысанды қайта қалпына келтіру мен күрделі жөндеу жұмыстарымен Павлодар қаласының «Дуэт СТ» фирмасы айналысып жатыр. Құрылыс фирмасының аға бригадирі Адиат Нұрисламовтың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстар барысында мұнда ескі ағаш орындықтар жаңа пластик орындықтарға ауыстырылады. Сондай-ақ спорт алаңында жаңа трибуналар қарастырылған. Мұндағы құрылыс материалдар көбінесе металл конструкциялардан құралған. Қазіргі кезде футбол алаңына арнайы жасанды газон жабындысы төселуде. Бірақ жаңбырлы ауа райы үлкен қарқын алған құрылыс жұмыстарына қолайсыздық туғызып отыр. Күн жылынса, құрылысшылар мейлінше қысқа уақытта спорттық нысанды жөндеп бітіреміз деп отыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында спорттық стадионды қайта жаңартуға айтарлықтай қаражат бөлініпті. Бұл жоба ауылдық аймақтың дамуына, жергілікті тұрғындардың өміріне барынша оң ықпал етеді деп ойлаймыз. Біраз уақыттан кейін жаңа стадионға салауатты өмір салтын ұстанған, спортқа жаны құмар жастар, жасөспірімдер мен ауыл тұрғындары көптеп келетін болады.