Павлодар облысы

Тереңкөл ауданының әкімдігі

Басты Ақпараттық орталық «Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры» АҚ Зейнетақы жинақтарын біржола алуға бола ма?
Зейнетақы жинақтарын біржола алуға бола ма?

Қордағы зейнетақы жинақтары алушыларға заңнамада көзделген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. Ең негізгі жағдай – зейнеткерлік жасқа толу. Өйткені зейнетақы тағайындаудағы негізгі мақсат – құрметті демалысқа шыққан адамдардың күнделікті тіршілігін лайықты қамтамасыз ету.
Сонымен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес Қордан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 59 жасқа толғанда) және бірінші немесе екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға төленеді. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.
Жасына байланысты зейнеткерлер мен I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдар төлемдерді ай сайынғы кесте бойынша алады. Өйткені 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қордан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріле бастады. Зейнетақы жинақтарын ай сайын беру – халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және бұл Қордан зейнетақы төлемдерін алу мерзімін едәуір ұзартуға және жиынтық зейнетақының көлемін арттыруға септігін тигізеді.
Қазір де зейнетақы жинақтарын біржолғы төлем ретінде алуға болатындығын айта кетен жөн. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 36 108 теңге. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 433 296 теңге.
Бұдан басқа, заңнамаға сәйкес ерлер 55 жасқа, ал әйелдер биыл 51 жасқа толғанда өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы ай сайын алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл ретте әйелдердің жасы 2027 жылға дейін 55 жасқа жеткенше жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отыратындығын еске саламыз. Бірақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін Қордағы зейнетақы жинағының сомасы ай сайын ең төменгі зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi төлеуге жеткілікті болуы керек.
Сақтандыру ұйымына аударуға қажетті соманы зейнетақы калькуляторының көмгімен де есептеуге болады. Ал зейнетақы калькуляторы enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде орналастырылған:
https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcInsurance/calc.php


«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz